Бүгін, 29 қаңтарда Air Astana баға диапазонын жариялады, оның шегінде компания акцияларын және GDR (жаһандық депозитарлық қолхаттар) сатып алуға өтінімдер қабылданатын болады.
Баға диапазоны GDR үшін 8,5 – 11,0 АҚШ доллары және бір акция үшін 2,13 – 2,75 АҚШ доллары (немесе баға жарияланған кезде Қазақстан Ұлттық Банкінің ресми айырбастау бағамы бойынша бір акция үшін 956 – 1 237 Қазақстан теңгесі) деңгейінде белгіленген.
GDR үшін базалық актив компанияның жай акциялары болады, бұл ретте 1 ГДР 4 жай акцияға тең болады.
Компанияның акцияларының және GDR-ның соңғы бағасы тізілімді қалыптастыру процесі аяқталғаннан кейін анықталады және 2024 жылғы 9 ақпанда жарияланады деп күтілуде.
Толығырақ ақпарат алу үшін Сіз Air Astana веб-сайтында ресми жарияланған ақпаратпен таныса аласыз.
IPO аясында авиакомпания шамамен 120 миллион АҚШ долларын (салықтар мен шығыстар шегерілгенге дейін) жинауды жоспарлап отыр. Бұл жағдайда Air Astana-ның күтілетін нарықтық капиталдандыруы 770 миллионнан 962 миллион АҚШ долларына дейін болады.
Естеріңізге сала кетейік, 19 қаңтарда Air Astana IPO өткізу ниетін растады.
IPO шеңберінде Қазақстандағы инвесторларға AIX және KASE-де жай акциялар және AIXте жаһандық депозитарлық қолхаттар (GDR) ұсынылатын болады.
Бағалы қағаздарды сатып алуға өтінімдерді жинау және ауқымды роуд-шоу 2024 жылдың 29 қаңтарында басталады.