Орталық депозитарийде омнибус-шотқа көшу туралы хабарлама

https://www.bcc-invest.kz/storage/app/uploads/public/6b0/81f/762/6b081f762de6d948064328.png

26.11.2026

Құрметті «BCC Invest» АҚ клиенттері!

«BCC Invest» АҚ сенім білдіріп, біздің компанияны брокер ретінде таңдағаныңыз үшін Сізге алғыс айтады!

Клиенттердің шығысын азайту, мүмкіндіктерін кеңейту және «Бағалы қағаздардың орталық депозитарийі» АҚ-та (бұдан әрі – Орталық депозитарий) сақталатын қаржы құралдарымен жасалатын операцияларды оңтайландыру мақсатында «BCC Invest» АҚ Басқармасы Орталық депозитарийде жеке тұлғалардың активтерін омнибус-шотты* пайдалана отырып есепке алу мен сақтаудың жаңа форматына көшу туралы шешім қабылдады. Осыған байланысты Жеке тұлғаларға брокерлік қызмет көрсету және номиналды ұстау жөніндегі қызметтерді көрсету туралы шарттың үлгілік нысанына және Брокерлік қызметті жүзеге асыру регламентіне тиісті өзгеріс енгізілді. Аталған құжаттар Директорлар кеңесінің 13.11.2026 жылғы № 11/13 хаттамасымен бекітіліп, 13.11.2026 ж. интернет-ресурста жарияланды.

Бұл көшудің мақсаты:

- «Бағалы қағаздардың орталық депозитарийі» АҚ тарифтері бойынша клиенттердің шығысын азайту;

- бағалы қағаздарды сатып алу және сату операцияларын жүргізу мерзімін қысқарту**;

Омнибус-шотқа көшудің артықшылықтары

1. Қосалқы шотты жүргізгені (бағалы қағаздарды есепке алғаны және сақтағаны) үшін Орталық депозитарий комиссиясының төмендеуі

Қазіргі уақытта Орталық депозитарийдің қосалқы шотты жүргізу үшін алатын комиссиясы клиенттің әр қосалқы шоты бойынша жеке есептеледі.

Омнибус-шотқа көшкеннен кейін мөлшерлеме омнибус-шотта сақталатын бағалы қағаздардың жиынтық орташа айлық құнына қарай айқындалады. Бұл бағалы қағаздарды есепке алу және сақтау шығысын азайтуға мүмкіндік береді.

Қосалқы шот пен омнибус-шотты жүргізу үшін алынатын комиссия мөлшері «Бағалы қағаздардың орталық депозитарийі» АҚ-тың Тарифтер мен алымдар туралы қағидасында белгіленген қолданыстағы тарифтерге сәйкес айқындалады.

2. Бағалы қағаздармен операциялар жүргізу мерзімін қысқарту**

Есепке алудың жаңа форматы ішкі процестерді автоматтандыруға және операцияларды өңдеу уақытын қысқартуға жағдай жасайды.

Бұл Клиенттерге қызмет көрсету жеделдігін арттыруға, активтермен операциялар жүргізуді жеңілдетуге және мәміле жасау үшін қажетті қосымша рәсімдер санын қысқартуға мүмкіндік береді.

Маңызды.

1. Активтерді аудару клиенттер үшін қосымша шығыссыз жүзеге асырылады.

2. Активтерді есепке алу және есептілікті алу тәртібі
Омнибус-шотқа көшкеннен кейін Орталық депозитарий омнибус-шот шеңберінде әр клиенттің активтерін жеке есепке алмайды.

Бұл ретте «BCC Invest» АҚ әр клиенттің активтерін толық көлемде жеке есепке алуды жалғастырады.

Сізге тиесілі қаржы құралдары және олармен жасалған операциялар туралы ақпарат «BCC Invest» АҚ-тың есепке алу жүйесі арқылы қолжетімді болады.

Жеке үзінді көшірмені тікелей Орталық депозитарийден алу мүмкін болмайды.

3. АҚШ бағалы қағаздары бойынша дивиденд пен купонға салық салу
Омнибус-шотқа көшкеннен кейін эмитенттері АҚШ резиденттері болып табылатын бағалы қағаздар бойынша дивидендтен төлем көзінен ұсталатын салық, қосарланған салық салуды болдырмау мақсатында 15 % жеңілдікті салық мөлшерлемесін қолдануға мүмкіндік беретін W-8BEN салық нысанының ұсынылуына қарамастан, 30 % мөлшерлеме бойынша ұсталатынына назарыңызды аударамыз.


Көшуден бас тарту тәртібі
Активтерді есепке алудың жаңа форматына көшуге келіспесеңіз, тиісті хабарламаны 2026 жылғы 30 қарашаға дейін «BCC Invest» АҚ қолдау қызметінің support_invest@bcc-invest.kz электрондық пошта мекенжайына жіберуіңізді сұраймыз.

Сондай-ақ көрсетілген күннен кейін есепке алу форматын өзгерту туралы шешім қабылдасаңыз, формат «BCC Invest» АҚ-тың атына ресімделген Өтініш негізінде өзгертіледі. Өтініш нысанын, сондай-ақ оны беру тәртібі мен орындау мерзімі туралы ақпаратты «BCC Invest» АҚ қолдау қызметіне support_invest@bcc-invest.kz мекенжайы бойынша жүгініп ала аласыз.


* Омнибус-шот – жоғары тұрған брокерде немесе депозитарийде брокердің (немесе номиналды ұстаушының) атына ашылған, бірнеше клиенттің бағалы қағаздары есепке алынатын ортақ шот.

Бұл ретте әр клиенттің активтері брокердің ішкі жүйесінде бөлек есепке алынады. Яғни активтердің бір шотқа біріктірілуі олардың клиенттердің немесе брокердің ортақ меншігіне айналатынын білдірмейді.

Брокер әр клиентке тиесілі бағалы қағаздар мен ақшаны жеке есепке алуды, сондай-ақ олар бойынша барлық операцияның көрсетілуін қамтамасыз етеді.

**Функционалды енгізу жоспарланған мерзім – 2027 жылдың I тоқсанының соңына дейін.